30
март
2017
Спортшы Бақытбек ағайымыз
Өмірде дәл қасымызда үндемей еңбек етіп жүргендер көп - ақ. Олардың еңбегі еш ескерусіз қала береді. Осындай өте қарапайым еңбекқор жандардың бірі - Бақытбек Құрманбеков ағайымыз. Бақытбек ағай Жамбыл ауылының тумасы. Орта мектепті Сартеректен бітірген. Әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеді. Павлодар педагогика институтының дене тәрбиесі пән мұғалімдігін оқыды. Мамандығы қазақша күрестің жаттықтырушысы. 1978 жылы қазақша күрестен спорт шеберлігіне үміткер атанды. Сартерек мектебінде 25 жыл еңбек етіп, талай ер балаларды күрес спорт түріне баулыды. 2003 жылы қызмет бабымен Қаратал орта мектебіне дене тәрбиесі мұғалімі болып ауысты. 14 жыл осы мектепте істеген уақытта Бақытбек ағай талай баланы қазақша күреске баулыды. Олардың ішінен күрес түрлерінен спорт шеберлері, үміткерлер шықты. Мысалы , қазақша күрестен спорт шебері Үсенов Мерей Ақылбекұлы ( Қазақ спорт және туризм академиясының студенті ) , ММА күресінен спорт шеберлігіне үміткер Аманбекұлы Айбек. Сондай-ақ мектеп намысын талай рет аудан , облыс деңгейінде қазақша күрестен қорғаған ағайынды Серіков Мирас пен Диас. Мирас жаттығуға келіп жүргенде 5 жасар Диас та қоса ілесіп , күреске қатысқан. Бақытбек ағайдың өз балалары білімді. Ержаны Өскеменде физика-математика лицейінің түлегі , 2011 жылы «21 ғасырдың көшбасшысы» республикалық ойынына қатысып , Қазақ - Британ техникалық университетінің грантын жеңіп алды. Қазір сол университеттің магистратурасында оқиды. Біржан Қаратал орта мектебін «Алтын белгіге » бітірді, қазір Алматыда Шекарашылар Академиясында білім алуда. Отанасы Гулмира Қаратал ауылдық амбулаториясында терапевт , бас дәрігер.Жуықта Бақытбек ағамыз зейнеткерлік жасқа толды. Ағамызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Н.Калиева
Н.Калиева